BBCKazakh.com
Жаңартылған кезі: 25 Мамыр, 2004 - 12:02 GMT
Досыңа жіберБасып шығаруға ыңғайлы нұсқасы
Британдықтар өз атажұртынан неге қашады?
Айтыңызшы, барлығын тастап шетелге біржолата көшіп кету ойыңыз болды ма? Әдетте бұлыңғыр жаңбырлы ауа райына шағымданатын британдықтардың көпшілігі шетелде тұруды армандайтын көрінеді.

Британ әуежолдарының ұшақтары

Британдық банктердің бірі жүргізген зерттеуге сәйкес, британ халқының тең жартысы екі жылға дейінгі уақыттарын шет елде өткізуге дайын екен.
Бұған қоса, саны 59 миллион құрайтын жергілікті халықтың жиырма пайызы туған жерінен алты жылға шейін ұзап кетуге қарсы емес ұқсайды.
Сонда, "көшетін болсаңыз қайда барасыз?" деген сауалға, көпшілігі Америка, Австралия және Европа деп жауап қайтарады.

Сондай британдықтардың бірі Майк Крофтпен тілшіміз Джо Джолли әңгіме құрған болатын. Жергілікті бір компанияда атқарушы директор болып істейтін Майк Дубай қаласына ұшар алдында соңғы дайындық жұмыстарын бітіремін деп жанталасып жатыр. Британиядан әбден шаршаған Майк ғұмырының соңына дейін басқа мемлекетте тұруды армандаймын дейді.

 Таңертең метроға кіріп жұмысқа бара жатсаңыз, адамдар бір-бірімен сөйлеспейді. Әркім өз ісімен әуре, айналадағы адамдарға көңіл бөлу деген жоқ. Ал егер ниет білдірсеңіз, айналадағы адамдар сізге бір баскесер бандит я болмаса есі дұрыс емес адам деп қарайды.
Майк Крофт

"Әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда, Британияда адам баласына керек заттың барлығы да бар", - деп бастайды өз әңгімесін Майк Крофт. "Бірақ, жергілікті адамдар қабақтарынан қар жауғандай бір күлмейді ғой. Осы жерде өмір сүріп жатқанына алғыс айтарлықтай себептер толып жатыр. Дегенмен, күліп-жайнап жүретіндерді көру қиын", - деп шағымданады ол.

Британдықтардың шетелге неге кететінін түсіндірген Майк Крофт басты себептердің бірі ретінде осы елдегі ауа райын атап өтті.

Шіркін, жыл бойына күн ашық боп тұратын елде тұрған қандай керемет...

Күн сәулесіне тек Майк Крофт қана зар болып отырған жоқ. Бұндай британдықтар толып жатыр. Жалпы айтқанда, британ халқы басқа елге барып, жанұясымен бірге саяхаттауды жақсы көреді.

Кабир аралдары

Мысалы, британдық "Abbey National" банкінің жүргізген зерттеуіне сәйкес, жергілікті халықтың жартысынан астамында өмірлерінің кем дегенде екі жылын басқа елде өткізу арманы бар екен.
Шетелге көшуге асыққан солардың кейбіреулері жақсы ауа райы мен жаңа тәжірибе іздесе, басым көпшілігі көкжиектің арғы жағындағы тәуір өмірге қызығады екен.

Британдықтардың біразі қызығатын елдердің қатарында көршілес жатқан Франция бар. Кей кездері Лондон қаласында Франциядағы жеке меншік үйлерді жарнамалайтын көрмелер өткізіледі.
Осындай көрмелерде түрлі суреттерге қарап, қалауыңызға қарай қала шетіндегі кіші-гірім үйден бастап, небір керемет сарайларды таба аласыз.
Жақын болған соң көпшілік британдықтар үшін Францияда тұру өте ыңғайлы. Бірақ жақын болғанынан басқа британдықтарды Франция несімен қызықтырады екен?

"Сол жақтағы өмір салты, күнделікті өмір қарқыны қызықтырады", - дейді көрмеге келген мына бір әйел. Оның айтуынша, Британиядағы тірлікпен салыстырғанда, Францияда тұру анағұрлым жақсы.

"ВЕФ" деп аталатын француз жылжымалы мүлік компаниясының басты маркетологы Пол Оуэнстің айтуынша, Францияға көшемін деген британдықтар саны соңғы бір жылдың ішінде күрт көбейіп отыр.
Британиядағы қымбатшылық осының бір басты себебі екен. Күнделікті тұрмыс шығындарының тым жоғары болатыны әсіресе зейнеткерлерге ауыр тиеді.

Жақсы көрші ойға жарасады

Қалта жағын былай қойғанда, "көшпенділердің" айтуынша, олар Францияға көшетін болса, бұл күндері Британияда жоғалып бара жатқан әдет-ғұрыптарды қайта жандандыра алар еді.

Атап айтқанда, Францияның ауылды жерлерінде көршілеріңмен қоян-қолтық араласу сияқты елуінші-алпысыншы жылдары Британияда да болған салт -дәстүрлер әле жоғалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, көрші тұрған жанұялардың жақын араласқаны ғой.

Мысалы, жергілікті дүкендерде таныс ауылдастар істейді. Керек кезде сіз соларға барып қажет заттарыңызды сатып алып, әңгіме құрып келесіз. Пол Оуэнстың пікірінше, Францияның ауылды аудандарында осында көшіп келген адамдар өздерін жергілікті қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінеді.
Бұған қоса, британдықтардың мойындауынша, көршілеріңмен араласу тұрмақ, тіпті жөні кім екендерін білмей өту секілді келеңсіздіктер қазір Британияның кез келген бұрышында көптеп кездеседі.

Жүзім бағы

Сөйтіп, қарап отырсақ, шіркін, нағыз өмір шетелде екен - ау деген ойға келесін. Бірақ бұл шындығында солай ма? Британдықтардың басым бөлігін - тіл мен мәдениеті жағынан етене жақын, тамаша табиғаты, әдемі жағажайлары бар Австралия қызықтырады.

Австралия елі дәл Британия секілді, австралиялықтар болса британдықтардан еш аумайды деген баяғыдан бері айтылып келе жатқан бір пікір бар.

Осы бір пікірге қосылған британдық Софи Гослинг төрт жыл бойы Сидней университетінде жұмыс істеп, кейін үйіне қайтіп келіпті.

"Алғашқыда, иә, әрине, ешбір айырмашылығы жоқ деп ойлап қаласың", - деп бастайды әңгімесін Софи. "Дегенмен, уақыт өтісімен, ұсақ майда-шүйде заттардан құралатын көптеген ерекшеліктердің барын байқайсың. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды", - дейді ол. Мысалы, Софидің айтуынша, Австралиядағы ұлтшылдық сарынындағы көңіл күйлер Британиямен салыстырғанда әлдеқайда қатты сезіледі.

Иә, басқа елге қоныс аударатын болсаңыз күтпеген қиыншылықтарға тап болуыңыз ғажап емес. Оның үстіне, туған жеріңді, туыстар мен жора-жолдастарыңды сағыну сияқты табиғи сезім тағы бар. "Қайран өз үйім, кең сарайым, боз үйім" дегендей, Софи де өз үйін қатты сағынған соң, еліне қайтып келген екен.

 Елге оралғанымның басты себебі - достарым мен туыстарымды сағынғаным болды. Бірақ Британиядағы мәдени өмірді, сонымен қатар қала сыртындағы ауыл өмірін сағынған жоқпын деп те айта алмаймын.
Софи Гослинг

Әңгімеміздің басында сөз болған Майк Крофт та Дубайға біржолата кетіп те үлгеріпті. Бір қызығы, ол да жаңағы пікірге қосылып отыр.

"Шынымды айтсам, небір ұсақ түйек заттарды сағынатыным рас. Британ мәдениетінің талай керемет ерекшеліктері бар. Солардың кейбіреуін өз басым сұмдық жақсы көремін", - дейді ол.

Дегенмен, осы Майк сияқты британдықтардың басым көпшілігі үшін теңіздің арғы жағында жаңа өмір бастау мүмкіндігі - санаға терең сіңген мұңлы ой, маза бермеген сағым болып қала беретіні сөзсіз.

Көпұлтты БританияКөпұлтты Британия
Сан алуан ұлт өкілдері жасайтын ел бірегей қоғам бола ала ма?
СЫРТҚЫ СІЛТЕМЕЛЕР
BBC бөгде сайттардағы ақпаратқа жауапты емес
Өзге хабарлар
Досыңа жіберБасып шығаруға ыңғайлы нұсқасы
BBC Copyright Logo^^ Басына оралу