|
Балқаш көлінің болашағын ойлайтын кім? | ||||||||||||||||||||||
Халықаралық қауымдастық Арал теңізінің құрғап кетуін ғаламдық деңгейіндегі экологиялық апат деп таниды. Сол апат қоршаған ортаға едәуір түрде залал келтіріп, жергілікті халықтың денсаулығының нашарлауына себепші болды. Бүгін Қазақстан ғалымдары тағы бір экологиялық апат қаупін болжамдайды. Олардың айтуынша, Балқаш көлінің құрғап кету қаупі бар. Балқаш көлемі бойынша Орталық Азияда төртінші көл болып табылады. Көлдің 3 миллион жергілікті халқының тұрмысы және аймақтағы экономикасы үшін орасан зор мәні бар. Би-Би-Си тілшісі Джил МакГиверинг Балқаш көлінің солтүстік жағалауына барып, сондағы жағдайды зерттеп көрген. Көл жағасында тұратын жергілікті тұрғындардың кейбірі көлдегі су деңгейінің соңғы 30-40 жылдың ішінде айтарлықтай азайғанын айтады. Көбі 3 миллион халықтың тұрмысына қажетті суды қамтамасыз етіп, аймақтың қантамыры қызметін атқарып келетін Балқаш көлі құрғап кетпей ма деп қорқады. Джил кездестірген Егор есімді орыс жігіті көлдің өзгергені туралы былай деп айтып берді: "1968-69 жылдармен салыстырсақ, Балқаштың су деңгейі күрт төмендеді. Қазір өзіміз тұрған жерімізде бұрын су болатын. Анау тұрған мұнарадан жұрт парашютпен суға секіретін. Кафелер тұрған жерде де су болатын бұрын", - дейді Егор. Су деңгейінің төмендегеніне табиғи өзгерістер ықпал еткен де шығар. Алайда, Балқашқа қауіп төндіретін басты күш - ол адамның іс-әрекеті.
Көлдің негізгі қайнар-көзі Іле өзені болып табылады. Іле суының басым бөлігі Қапшағай су қоймасын толтыру үшін және ауыл шаруашылық мақсаттарында қолданылатындықтан, Балқашқа келетін су мөлшері табиғи деңгейден едәуір кем боп шығады. Соның үстіне Іле Қытайдан келіп ағады. Қытай болса, Іле суын Батыс Қытай аймақтарын дамыту үшін елеулі көлемде қолданайын деп отыр. Көлдің деңгейін жіті қадағалап жүретін ғалымдар Балқашты қорғаудың арнайы шаралары енгізілу керек дейді. Алайда арнайы шаралар тұрмақ, көлдің құрғап біту қаупі астында қалғанын былайғы жұрт біле де бермейді екен. Бұл туралы зейнетке шыққан ғалым Михаил Сироткин айтады: "Халықтың басым бөлігі Балқашқа құрғап кету қаупі төніп тұрғанын білмейді. Балқаштың бір бөлігі құрғап кетсе ғой, сонда ғана ел-жұрттың көзі ашылып, кейбірі не істеу керек деп қимылдай бастайтын шығар. Ол заңды да. Өйткені, проблеманың бар екенін халық әзірше білмейді", - деп шағымданады Михаил Сироткин. Әйтсе де, қарапайым халық қауіптің бар екенін білмегенімен, ғалымдар бұл проблемамен талай жыл айналысып келеді. Наталья Воробьева - биология ғалымы. Балқаштың шынымен-ақ аянашты халде қалғанын ол мойындап отыр. "Балқаш көлі құрғап кетсе, климат өзгереді. Аймақ шөлге айналып, экологиялық апат орын алады. Арал теңізі айналасында Балқашқа қарағанда адам аз тұрды. Балқаш құрғап кетсе, жергілікті халық көше бастайды, жаппай эмиграция басталады", - дейді Наталья. Оның осы сөздерін тағы бірқатар ғалымдар растап отыр. Кейбірінің айтуынша, Балқаш аралдың тағыдырын тартса, зардап шегетін Қазақстан ғана емес бүкіл Евразия аймағы болмақ. "Халықаралық қауымдастық Балқаш көліне өз назарын аударады деп үміттенеміз. Балқаш тек біздің ғана табиғи қазынамыз емес - бүкіл әлемнің қазынасы. Аралдың ғаламдық дәрежедеғі ықпалы жөнінде бәрі де біледі. Оның құрғап кетуі тек Орталық Азияға ғана әсер етпей, Қытай, Монғолия, Еуропаға да теріс әсерін тигізді. Балқаштың Арал сияқты құрғап кетуіне жол беру - барып тұрған қылмыс деп санаймын",- дейді қазақстандық табиғат қорғаушы Мэлс Елеусізов. Балқаштың жағасына келіп, көлге көз тастасаң, мөлдір суы көкжиекке шейін созылып, күннің көзіне жылтырайды. Алайда, көлдің құрғап кетуін болдырмау шаралары бүгіннен бастап еңгізілмесе, Балқаштың суы, көлді мекендеген құстар, айналасында тұратын халық он жылдан кем уақыт ішінде осы жерден ғайып болуы әбден мүмкін. |
| ||||||||||||||||||||||
| |||||||||||||||||||||||