|
Паоло Коэльо 'Захир' жайлы әңгімелейді | ||||||||||||||||||||||
Қазақстандағы кітап сүйермен қауым үшін сәуірдің 5-і ерекше бір күнге айналғаны шын. Көптен күткен "Захир" атты жаңа роман сол күні кітап сөрелеріне түсті. Оқырманның қиялын сонау Мысыр еліне алып барған, әлемге әйгілі Паоло Коэльоның "Алхимик" атты кітабі Қазақстанда қызу-пікір талас тудырғаны белгілі. Бразилияда дүниеге келген 58 жасар Пауло Коэльоның "Захир" деп аталған соңғы романы 8 миллион данамен 83 елде саудаға түседі деп жоспарланған. Оқиғаның біразы Қазақстанда өтіп, шығарманың басты кейіпкері - Михаил есімді қазақ жігіт болып отырған "Захир" романының қазақ тіліндегі аудармасы сөйтіп ресми түрде Қазақстанда да саудаға түсті. Осыған орай Би-Би-Си Қазақ Қызметі жазушы Пауло Коэльомен Париж қаласына хабарласып әйгілі жазушымен әңгіме құрған болатын. Би-Би-Си Қазақ Қызметі: "Захир" романының тікелей Қазақстанмен байланысты болып отырғанын қалай түсіндіресіз? Оның себебі қандай? Паоло Коэльо: "Захир" романында бұрын соңды айтылмаған басты идея бар - адам баласы қандай да бір заңдарға неге бағынады? Ешбір мағынасы жоқ заңдарға неге бағынуы қажет? Тіпті бағынуы қажет па? Кітаптың басты ой-түйіні сол болды. Осы жөнінде кітап жазамын деп жүрген едім. Кітаптың басым бөлігі бітіп те қалған кез еді. Бірақ қорытынды сценарий таба алмай жүрген едім. Сөйтіп бір күні жаңа жыл қарсаңында Қазақстаннан келген Дмитрий және Вирджиния есімді екі досыммен кездестім. Олар Қазақстан жөнінде талай керемет әңгімелер айтып берді. Би-Би-Си: Сөйтіп Сізді Қазақстан елі қызықтарған екен ғой... П.К.: Иә, тап сол кезде, Қазақстан ежелгі дәстүрге бай керемет ел болуы керек деген сезімде қалдым. Бұл менің кітабыма дәл келетін ел деген қорытынды жасап, интернеттен Қазақстан жайлы ақпарат жинай бастадым. Көзіме Қазақстан жайлы талай-талай қызық ақпарат түсті. Сөйтіп "Захирдің" соңғы эпизоды Қазақстанға қатысты болады, кітаптың бас кейіпкері қазақ жігіт болады деген қорытынды жасадым. Бірақ біреуден естіп жазу бір бөлек қой... Би-Би-Си: Демек бұған дейін Қазақстан жайлы ешқашан да естіп көрген жоқсыз ба? П.К.: Жоқ-жоқ, әрине бұған дейін Қазақстан жайлы естіп, оқып жүрдім. Семейдегі экологиялық апат жайлы, ядролық полигон жайлы оқыдым. Бірақ сол елге барып өз көзіңмен көру мүлдем басқа болды. Би-Би-Си: Қазақстанға қонған кезде алғаш алған әсеріңіз қандай болды? П.К.: Алматыға қонған кезде, Қазақстанға келдім деп өз-өзіме сенбей қалдым. Бұған дейін Қазақстанды тек кітаптан ғана білген едім ғой. Сөйтіп өз-өзіме "мен Қазақстанға келдім, мен Қазақстанға келдім" деп бала сияқты қуандым. Қонақ үйге келген кезде терезеден қар басқан асқар тауларды көріп, одан әрі қуана бердім. Қазақстанға келдім, Қазақстанға келдім... Би-Би-Си: "Захир" кітабында данышпан ақсақал болған - басты кейіпкер Қазақстанда кездескен қандай да бір нақты тұлғаның негізінде жазылған жоқ па екен? П.К.: Жоқ-жоқ, басты кейіпкер ойдан шығарылған адам болды. Қазақстанға барған кезде жергілікті адамдармен кездесіп алған әсірімнің негізінде құрылған кейіпкер болды. Барлығымыз қажет ететін данышпандықты Қазақстандағы қарапайым адамдардан көрдім. Солардың негізінде басты кейіпкер құрылды. Би-Би-Си: "Захир" романын қазақ тіліне аударған жазушы Жұмағали Исмағұлов және оның шығармашылық тобы, бірқатар қоғам қайраткерлері мұндай кітаптың жарық көруі өз кезегінде Қазақстан туризміне қолдау болады, әлемнің басқа жерінде тұратын оқырмандар Қазақстан жайлы естіп, елге келетін турист саны күрт өсуі мүмкін дегенді айтады... П.К.: Иә, бірақ оның нақты қалай болатынын айту өте қиын. Мысалы, бүгін Бразилиядағы маңдай алды журналдың бірі "Захир" жайлы, өзім жайлы бес беттік материалды басып шығарды. Мақаланың екінші жартысында Қазақстан жайлы бес беттік өте қызық мәлімет жарық көрді. Қазақстан сияқты ел жөнінде бұндай ақпараттың баспасөз бетіне түсуі өте орынды. Бірақ кітапты жазған кезде өз алдыма бұндай мақсат қойғаным жоқ. Ең біріншіден Қазақстан кітаптағы басты идеяға жарасып тұрды. Би-Би-Си: "Захир" романының алдында шыққан әйгілі "Алхимик" кітабінің басты ой-түйінін бір сөйлемге салатын болсақ, бәлкім оны "алға қандай мақсат қойсаң соған міндетті түрде жетерсің" деген философиялық оймен сипаттауға болар?! "Захир" романын бір сөйлеммен сипаттайтын болсаңыз ол қандай роман? П.К.: Ең алдымен, менің ойымша, кітапты бір сөйлеммен айтып жеткізу мүмкін емес. Ондай болатын болса кітап жазудың қажеттілігі қандай. Әр кітаптің ішіндегі кез-келген ой анағұрлым терең болады. Дегенмен де, екі сөзбен айтатын болсақ, "Захирді" жазған кезде қарапайым адам кейбіреудің айтқан, я болмаса ойлап шығарған, бітпейтін ережелеріне бағынады деген ойды негізге ала отырып, олай болмау керек деген пікірді алға тарттым. Қазақстанды қатты ұнатқан себебім де сол болды. Жылдар бойы шет-шеттен түрлі ықпалдың бар болуына қарамастан ұлттық өзгешелікті сақтап қалғандарыңыз, шөл даласының әдет-ғұрыптарын қадірлей алғандарыңыз мені қатты шабыттандырды, таң қалдырды. Би-Би-Си: Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндігіңіз болды ма? П.К.: Иә, әрине. Жылқының етін жедім! Би-Би-Си: Солай ма? П.К.: Иә. Басқа елге барған кезде менің сондай бір әдетім бар. Міндетті түрде ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық сусындарды ішіп қайту. Бұл жергілікті әдет-ғұрыптарды, жергілікті мәдениетті білудің бір жолы ғой. Қазақстанда жүрген кезде қымыз да ішіп көрдім. Таң атардан кешке дейін тек қазақ тағамдарын жедім. Би-Би-Си: Алдағы уақытта Қазақстанға келу жоспарыңыз бар ма? Бәлкім турист болып... П.К.: Ондай жоспарым бар деп әзірге айта алмаймын. Қазақстан жайлы жаңа кітап жазатын болсам міндетті түрде барамын. Бірақ әзірге ондай жоспарым жоқ. Би-Би-Си: Әңгімеңізге көп-көп рахмет! П.К.: Рахмет! | СЫРТҚЫ СІЛТЕМЕЛЕР BBC бөгде сайттардағы ақпаратқа жауапты емес | ||||||||||||||||||||||
| |||||||||||||||||||||||
| |||||||||||||||||||||||