|
Қазақтар Боратқа ренжіп қалды | ||||||||||||||||||||||
Британиялық комедиант Саша Барон Коэннің кезінде кейбір адамдардың шамына тигені бар. Ол ойнайтын Али Джи есімді кейіпкер Лондонның шеткері жатқан ақ нәсілді аудандардың жастары пір тұтатын кумирлерді - американдық қара рэпперлерді сықақ етеді. Саша Коэннің (Sasha Baron Cohen) енді келесі бір кейіпкерді - қазақстандық Борат есімді аңқау журналистті ойнап күлгені Қазақстанның Вашингтондағы елшілігінің шағым жасауына әкеліп соқты. Жасы жетпісінші жылдардағы сәнмен таралған, қалың мұрты бар Борат қалжыңдап тұрғанын сезбеген адамдарға небір ыңғайсыз сұрақ қояды. Мысалы мына бір Америкадағы өзіне жұп іздеген адамдарды табыстыру агенттігінде болған көріністі алып қарайық: "Джагшемаш" деп амандасқан Борат сосын былай деп айтады: - Америкада қызға үйленемін десеңіз, әкесінің үйіне барып, сол қызды бірнеше литр химикатқа айырбастай салу жеткіліксіз. Американдық әйел сізге жыныстық қатынасқа түсуге рұқсат берерден бұрын онымен әлі жүре тұру керек болады, - дейді Борат. Сонда жұбай тауып беру агенттігінің адамы "сіз өзіңізге барынша ұнайтын адамды кездестірсеңіз не істер едіңіз" деп сұрайды. Оған Борат былай дейді: - Мен оны сүйер едім, біз бір адамдай тату-тәтті тұрар едік. Мен оған телевизор беремін, сол телевизорды қашықтықтан басқаратын құрал берер едім, қызыл көйлек алып берер едім. Бірақ ол егер менің көзіме шөп салса, көзіме шөп салатын болса, мен оның басын жұламын, - дейді. Бораттың мына айтқанын естіп тұрған адамдар шынанда да жұбай іздеген адамдарды табыстыратын агенттіктің шын қызметкерлері. Одан басқасының біразі жоқтан алынған дүние.
Оның тіпті "джангжемаш" деп амандасқаны - поляктардың "қалың қалай" деп амандасқанымен үндесіп тұр. Саша Барон Коэннің арғы тегі поляк еврейлерінен шыққан. Оның әдісі мынау: аңқау, анайы әрі надандау адам болғансып, Борат өз сұхбаттастарына небір ұятты, адам қоймайтын сұрақтарды қойып жатады. Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі оның өйтіп күлкі қылғаны Қазақстанның абыройына кір келтіреді деп санайды. Ол жайында қазақстандық дипломаттар Вашингтондағы саяси журнал - Хилл (The Hill) басылымына хат жазған. Роман Василенко Қазақстанның Вашингтондағы елшілігінің баспасө хатшысы: - Мені алаңдататыны мынау: Коэн мырза Қазақстанды тас дәуірдегі бір ел деп көрсетеді. Онда еврейлерді жек көреді екен, әйелдерді кемсітеді екен, осының бәрі әлем елдері арасындағы қарым қатынасты жақсартуға септігін тигізер деп ойламаймын, - дейді қазақстандық дипломат Роман Василенко. Василенко мырза Бораттың қазақстандық мәдениетке карикатура жасап жүргендігінің талай мысалын келтіре алар еді. Бораттың Америкада жүргенін көрсеткен алты сериялық тізбекті хабардың екіншісінде Борат республикашыл саясаткер Джеймс Бродуотерді (James Broadwater) сұхбатқа тартып,
айтпайтынды айтып әлгіні таң қалдырады, жылжымайтын мүлік сатып жүрген бір агенттен сығандарды ұстау үшін үйдің қай жерінде тұзақ құру қажет деп сұрайды, жұмысқа орналастыру агенттігінде түйелер мен ешкілерді ұрықтандыру жағынан біраз тәжірибе жинағанын айтып бөседі. Осының бәрін Роман Василенко неге сонша жүрегіне жақын қабылдайды екен осы ? Британ баспасөзінде осыған байланысты көптеген хаттар да жарияланды. Біреулер Саша Барон Коэннің әлгіндей қылжақбастығын қорғап жатса, өзгелері "кіп -кішкентай Қазақстанға тиісіп несі бар еді" деп жазған. Қазақстанның Британиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов кез келген паблисити, жарнама - жақсы жарнама деген көзқарас ұстанады. Роман Василенко да Барон Коэн мырзаға өшігіп отырған жоқ. Қайта елді көріп, танысып қайту үшін Қазақстанға келіп кетуге шақырып отыр. |
| ||||||||||||||||||||||
| |||||||||||||||||||||||