BBCKazakh.com
Жаңартылған кезі: 28 Маусым, 2004 - 12:02 GMT
Досыңа жіберБасып шығаруға ыңғайлы нұсқасы
Қар жамылған таулы шыңдардың қожайыны құрып барады
Барс
Мамандардың есептеуінше Қазақстанда 200-ге жуық қар барсы бар
Бүгінде Орталық Азия аймағында бар болғаны бес жүздей қар барсы қалыпты. Ғалымдар мен табиғат қорғаушылары қар барстары мүлдем құрып кетуі мүмкін деп дабыл қағуда. Әсіресе соңғы он жыл ішінде барстар саны күрт кемейіпті.

Қар барстары тек Азияның биік тауларын мекен етеді. Әдетте қар барстары теңіз деңгейінен 3000-4500 метр биіктікте жасайды. Олардың негізгі қорегі - тау ешкісі мен суыр.
Қар барыстарының орташа салмағы 30-50 килограмм арасында. Бұл жыртқыш тек тау ешкісімен шектеліп қоймай, кейде жылқыға да шабуыл жасайды.

Ілгері қар барыстарын ғалымдар тиянақты зерттемеген. Осы соңғы жылдары ғана қар барыстары ғалымдар мен экологтардың зерттеп-қорғайтын объектіне айналған.

Қар барыстарын қорғау халықаралық қорының бастығы Томас Мак-Карти мырзаның айтуынша, қазір дүниеде 3500 -7000 мыңның арасында қар барыстары қалған.

Мак-Карти мырза: "Орталық Азия елдеріндегі экономикалық жағдайдың нашарлауы қар барыстарының популяциясына - өніп өсуіне үлкен зиян әкелді. Қар барыстарының негізгі қөрегі болып табылатын тау ешкілері азайып кетті, аймақта браконьерлік етек алды" - дейді ол.

Томас Мак-Картидің есебінше, Қазақстанда 200-ге жуық қар барсы бар. Қазақстанда қар барыстарын қорғау бойынша стратегия болмағанымен, қоғам өкілдері жыртқыштардың бұл түрін сақтап қалуға әрекет етіп жатыр. Бірақ бұл әрекеттерді бір стратегия аясында жүргізу керек - дейді Мак-Карти мырза.

Тау барыстары - Азияның заңғар тауларының символы болып табылады. Дегенмен, тауларға жолдардың салынып, жайлаулардың кеңеюі, сонымен қатар барстардың негізгі қорегі болып табылатын тау ешкілерінің кемеюі, осы өте әсем аңның жоғалып кетуіне себеп болып жатыр.
Олег Митропольский

Ал ташкенттік ғалымдардың есебінше, Өзбекстан жеріндегі қар барстарының саны 40-қа жетіп отыр.

Орталық Азия елдерінің бір-бірінен алшақтап, арада шекараның пайда болуы тек адамдарға емес, жабайы аңдарға да зиян келтіріп отыр екен. Тауда шегара күзеткен қарулы адамның пайда болуы - қар барыстарының да бір-бірінен бөлініп қалуына себеп болыпты. Профессор Олег Митропольскийдің айтуынша, бір-біріне туыс барстардың шабысып, қаны араласуы олардың генетикалық тұрғыдан тозып, соңында мүлдем құрып кетуіне де себеп болуы мүмкін екен.

Өзбекістандық ғалым Олег Метропольскийдің есептеуіне қарағанда, бүгінде Орталық Азия елдерінде бар-жоғы 500-550 қар барсы қалыпты.

Өгем-Шатқал қоры директорының орынбасары Александр Есиповтың айтуынша, браконьерлер қар барыстанын тірідей немесе оның ет-терісін сатуға әрекет етеді. Қар барсының терісі шамамен 3000 АҚШ доллары тұрады екен. Ал Тибет медицинасы болса қар барсының тек терісін ғана емес, тіс-тырнағына дейін пайдаланады.

Көрші Қытай елінің мамандардың айтуынша, осы елдегі қар барыстарының саны шамамен 2000-3000-ді құрайды. Айтып кету қажет, Қытай елінде қар барыстарын қорғайтын қатал заңдар бар. Барстарды медициналық мақсатта пайдалану заңмен шектелген. Дегенмен, Қытайдағы қар барстарына төніп тұрған басты қауіп - тау бөктеріндегі шопандар екен. Мамандардың айтуынша, Орталық Азия аймағында да қар барстары малдарын қорғамақ болған шопандар қолынан мерт болып жатады.

Өзбекстан Ғалым Академиясы Зоология Институтының өкілі Юрий Чикин: " Браконьерлер аша тұяқтыларды қырып жібергендіктен, барстар шарасыздықтан үй хайуандарына шабуыл жасап жатыр" - дейді.

Айтып кету керек, қар барсының терісі - өте құнды сыйлық саналады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Астана қаласының тұсау кесерінде Қырғызстан президенті Асқар Ақаев әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа барс терісінен тігілген тон силаған болатын. Ғалым Олег Митропольскийдің пікірінше, президенттердің бір-біріне осындай сыйлық беруі түсінікті жағдай. Дегенмен, оның айтуынша, бұндай іс-әрекеттерге қалың жұрттың еліктеуі қар барстарының кемеюіне себеп болып отыр.

СЫРТҚЫ СІЛТЕМЕЛЕР
BBC бөгде сайттардағы ақпаратқа жауапты емес
Өзге хабарлар
Досыңа жіберБасып шығаруға ыңғайлы нұсқасы
BBC Copyright Logo^^ Басына оралу